ТЖМ авиациясы қамысты өсімдіктердің жануын сөндіру жұмыстарын жалғастыруда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Облыстық ТЖД-нен білгеніміздей, оқиға орнындағы жағдайды бағалау және өртті сөндіруді үйлестіру мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағымен облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев пен ТЖД бастығы Нұрлан Жаңабаев ұшып барды.
Бүгін тікұшақпен барлығы 4 рет, жалпы көлемі 12 тонна су төгілді. Қазіргі уақытта жануды сөндіру жұмыстары жалғасуда.
Өртті сөндіруге ТЖД, «Ақ Жайық» МТР күштер мен құралдары және ТЖМ авиациясы жұмылдырылған.
Ауа температурасының жоғары болуы, өсімдіктердің тығыз өсуі және желді ауа райы өртпен күресті қиындатуда. Ауа мен жерден бақылау жалғасуда, өрт ошақтарын оқшаулау мен толықтай жою үшін барлық мүмкін шаралар қабылдануда.
Барлық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеуде. Жағдай ТЖМ мен жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.
Амандық АБДОЛ