Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстарды жалғастыруда, деп хабарлайды AtyrauPress.
ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы пара алу және қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану күдігімен ұсталды.
Тергеу барысында оның жол-құрылыс компаниялары мен автобус парктерінің өкілдерінен жалпы сомасы 134 миллион теңгеге жуық заңсыз сыйақы алғаны анықталған. Тінту кезінде күдіктінің тұрғылықты жерінен 121,9 миллион теңге мен 97,7 мың АҚШ доллары тәркіленді.
Сонымен қатар осы өңірдегі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысына қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Ол мұғалімдерге мемлекеттік аттестаттаудан өтуге жәрдемдескені үшін жүйелі түрде ақшалай қаражат алып отырған деген күдікке ілінді.
Сот санкциясымен аталған лауазымды тұлғалар қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.
Айта кетейік, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
