Фармацевтика саласын сауықтыру бағытында Ұлттық қауіпсіздік комитеті заңсыз әрекеттердің жолын кесті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл ақпарат Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми баспасөз қызметіне сілтеме жасап жарияланып отыр.
Тергеу барысында «OrdaMed» АҚ басшылығы медициналық бұйымдарды Қазақстан аумағында өндіреміз деп жалған құжаттар ұсынғаны анықталды. Осы құжаттар негізінде компания мемлекеттік емдеу мекемелеріне 28 атаудағы медициналық жабдықты жеңілдетілген шарттармен жеткізу бойынша заңсыз артықшылықтарға ие болған.
Алайда тексеру кезінде бұл медициналық жабдықтардың шын мәнінде шетелден дайын күйінде жеткізілгені белгілі болды. Соның салдарынан мемлекетке 4,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілген.
Тінту шаралары барысында «OrdaMed» АҚ басшылығынан 1 млрд теңгеден асатын инвестициялық монеталар тәркіленді. Сонымен қатар «Interdentica», «Erkin Brand» және «OrdaMed» компанияларындағы қатысу үлестеріне тыйым салынды.
Сот санкциясымен «OrdaMed» АҚ-ның техникалық директоры, бұрынғы басқарма төрағасы және өндірістік басқарма басшысы қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
