Былтыр Атырауда 13 адам газға уланған

Атырау қаласында табиғи газға және көміртегі тотығына улану жағдайлары артып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Былтыр көміртегі тотығына 13 адам, ал 2021 жылы 11 адам уланған.

«Ал табиғи газға 2022 жылы 13 адам уланып, оның үшеуі қайтыс болған. Ал 2021 жылы 14 адам уланған. Абырой болғанда, адам шығыны болмады» деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары Магомед Ахриев.

Осы ретте төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері былтыр қыркүйек айынан бастап қаладағы жеке үйлерге барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінгі күнге дейін олар 21 мың үйге барып, 47 мыңнан астам тұрғынға төтенше жағдай кезінде не істеу керектігі туралы бағыт-бағдар берді. Ал Атырау қаласында 40 мыңға жуық жеке үй бар.  

Сондай-ақ мамандар пештің ішін және мұржаны жақсылап тазартуға немқұрайлы қарауға болмайтыныны қатаң ескертеді.