Береке кәсіпкерлерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді (+ВИДЕО)
Атырауда қалалық әкімдік қызметкерлері төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Басты мақсат - тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі. Шара барысында арнайы топ Береке ықшамауданында құрылыс материалдарын сататын кәсіпкерлермен кездесті. Себебі, жеке тұрғын үй аумағына жақын орналасқандықтан тұрғындардың тарапынан шағым көп түседі. Жүк көліктері жолды бүлдіру фактілері де кездесіп, қайтадан қалыпқа келтірілді. Осы ретте, бірқатар сауда нүктелерін аралаған мамандар кәсіпкерлерге тұрғын үйлермен арақашықтықты сақтау және өрт қауіпсіздігінің алдын-алу мақсатында ескертулер жасады.
Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ғабит Бабаевтың айтуынша, жыл басынан бері өрт қауіпсіздігі талабын сақтамай өрт туындауына тікелей әсер еткен жеке және заңды тұлғаларға 90-ға жуық әкімшілік іс қозғалып, хаттама толтырылған.
"Құрметті кәсіпкерлер! Өрт – тілсіз жау! Өрт зардабы орны толмас өкінішке душар етері сөзсіз. Бұл айтып келмес апаттан сақтану үшін жаз айларында өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтап, құрылыс алаңындағы қауіпсіздік шараларына жауапкершілікпен қарап, қадағалау қажеттігін сұраймыз!" делінген хабарламада.
Амандық Сағынтайұлы