«Азаматтық қорғаныс саласындағы үздік мектеп» анықталды

1 наурыз Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күніне орай, Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасы, Атырау қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы, Жедел құтқару жасағының құтқарушылары, ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» мекемесімен бірлесіп, жалпы білім беретін орта мектептердің 10-сынып оқушыларының арасында «Азаматтық қорғаныс саласындағы үздік мектеп» тақырыбында жарыс өткізді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жарысқа қала мектептерінен алты командадан 48 оқушы қатысты. Олар таныстыру, газқағар кию (противогаз), жалпы әскери қорғаныс киімін (ОЗК) белгіленген уақытқа сай кию, алғашқы медициналық көмек көрсету және арқанды төрт түрлі тәсілмен байлау кезеңдері бойынша бақтарын сынады.

- Дүниежүзілік Азаматтық қоғаныс күні жылда атап өтіледі. Республика бойынша барлық жерде тактикалық-арнайы жаттығулар мен байқаулар өткізіліп тұрады. Сондай-ақ қала, аудан және облыс бойынша мектеп оқушылармен жарыстар ұйымдастырылады. Негізгі мақсаты - мектеп арасында төтенше жағдайлар бойынша оқушыларды шыңдау, әр түрлі төтенше жағдайларға уақтылы ден қою және алдын алу бойынша білімдерін арттыру, - деді Атырау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Ардақ Утенов.

Сайыс нәтижесі бойынша жүлделі 1-орынды №13 Д.Байбосынов атындағы мектеп гимназиясы, 2-орынды №34 көпсалалы мектеп-гимназиясы, 3-орынды №9 Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің оқушылары иеленді.