Атыраулық Ертөстік мұзға түсіп кеткен әйел мен баланы құтқарды

Ерлік жасау әркімнің қолынан келе бермейді. Дегенмен Құрманғазы ауданында өз басын қауіпке тігіп, өзгенің өмірін қорғап қалған азаматтар бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгін аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы бейбіт күннің батырларын қабылдап, құрмет көрсетті. Бұл туралы Құрманғазы ауданы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

- Бүгін біз ауданымызда орын алған оқыс оқиғада нағыз ерлік танытып, өз басын қатерге тігіп, адам өмірін ажалдан арашалап қалған азаматтарды қабылдап отырмыз. Ертөстік Халуұлы, сіздің кешегі жағдайда дер кезінде көрсеткен жедел әрі батыл әрекетіңіздің арқасында екі адамның өмірі сақталып қалып отыр. Батыл әрекетіңіз үшін аудан тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Есіміңіз де қазақ ертегісіндегі батырдың есімі, ісіңіз де соған сай екенін таныттыңыз. Сонымен қатар, өз істерінің нағыз мамандары жедел жәрдем қызметкерлері Айнұр және Мерей, Ержан есімді азаматтарымызға адам жанының арашасы болудағы мінсіз қызметтеріңізге ризашылығымды білдіремін, - деген аудан басшысы осындай азаматтарды елге танытып, насихаттау жұмыстарын күшейту керек екенін қаперге берді.

Өз кезектерінде ерлік танытқан ауыл азаматы Ертөстік Халуұлы, аудан әкімінің ілтипатына ризашылығын білдіріп, бұл әрекетін азаматтық борышы санайтынын айта келе, медициналық қызметкерлердің жедел қызметтеріне өз атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар, жедел жәрдем қызметкері Айнұр Утесова адам жанын аман алып қалу  тікелей міндеттері екенін айтып, десе де көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп өтті.

Еске сала кетейік, оқиға Құрманғазы ауданы Байтарал ауылында орын алған. Мұз астына ойылып кеткен әйел мен тоғыз жасар баланы осы ауылдың тұрғыны Ертөстік есімді азамат құтқарып қалған. Ауыл азаматының дереу іс әрекетінің, балаға реанимациялық шараларды сәтті жасаған медициналық қызметкерлердің арқасында екі адамның өмірі ажалдан аман қалды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ