Өңірлердегі төтенше жағдайлар департаменттерінің материалдық-техникалық базасын 100% жақсарту төтенше жағдайлар кезінде қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға толықтай мүмкіндік береді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бүгінде Атырау облысындағы аудандарда өрт сөндіру деполарының апаттық жағдайда болуларына, кейбірінің талапқа сәйкес еместігіне, сонымен қатар, Атырау қаласы көлемі екі есеге ұлғаюына байланысты облыс бойынша бірінші кезекте 7 өрт сөндіру депосын салу қажет (Атырау қаласында – 3, Атырау ауылдық округінде – 1, Құлсары қаласында – 1, Ақкөл ауылында – 1, Доссор кентінде – 1). Апаттық жағдайдағы деполардың орынына жаңасын салу бағытында, Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысы биыл аяқталса, Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы депо құрылысы мердігердің жауапсыздығынан тоқтап тұр, Индер ауданы Индербор кентіндегі депо құрылысы жер телімі құрылыс салуға сәйкес келмеуіне байланысты (тау-тасты) құрылыс жұмыстары басталмаған.
Сонымен қатар, облыстық департаментке 33 бірлік негізгі, 27 бірлік арнайы, қосымша 154 бірлік көмекші техника қажет етеді. Облыстық әкімдікпен 2023-2026 жылдар аралығында «Лизинг» бағдарламасы бойынша департаментке 33 бірлік автокөліктерді сатып алу жоспарлануда.
"Атырау облысында соңғы жылдары қамыс өрті жиі орын алуда. Төтенше жағдайдар министрі Юрий Ильин министрмен кездесуде облыстық департаментке жол талғамайтын батпақты жерлерде өрт сөндіруге арналған арнайы техникаларды, атап айтқанда 3 бірлік «Русак-3918 «Север»», «Трэкол Вега», «Вездеход Петрович 354-71» АЦ-3-40 шасси ГАЗ жоғары өтімді автокөліктерін республикалық бюджет есебінен алу мәселесін көтердім. Министр 2027 жылға дейінгі кешенді жоспар жасақталғанын және 700 млрд. теңге қарастырылғанын айтып өтті. Қазір облысқа қажетті өрт сөндіру деполарының жобалық құжаттамасын жасақтап, жергілікті, республикалық бюджеттен қаржыландыру мәселесін бірлесіп, министрлікпен шешуіміз қажет. Бұл бағытта, салалық министрлікпен, облыстық әкімдікпен, төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен жұмыстар жалғасатын болады" дейді атыраулық мәжілісмен Әділ Жұбанов.
Фото: azattyq-ruhy.kz