Атыраудағы балалар ойын-сауық орталықтары қаншалықты қауіпсіз?

Аттракциондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жұмысын реттеу жөнінде қала әкімінің орынбасары Ерболат Умаровтың төрағалығымен жиын өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Аттракциондардың жай-күйі мен қауіпсіздігі талқыланған жиынға ойын-сауық кешендерінің басшылары, мемлекеттік орган өкілдері қатысты. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, қазір қаламызда 13 балалар ойын-сауық орталығы бар. Осы орайда, аттракциондардың қауіпсіздік талаптарының стандартын сақтамау фактілері кездесіп жатады. Осы ретте, қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Руслан Давлетов аттаракциондардың жұмысын заңдылықтарға сәйкестендіру, оларды жергілікті атқарушы органға тіркеу, пайдалану стандарттарын сақтау туралы түсіндірді.

Еске сала кетейік, қаладағы «Атырау» сауда үйінде орналасқан ойын орталығында 12 жасар бала ойнап жүріп, биіктен құлап кеткені туралы жазған едік. Кейін осы жазатайым оқиғаға байланысты орталық басшылығы түсінік берген болатын. Оқиға 24 наурыз күні сағат 17:00 шамасында болған. Атракционда ойнап жүрген бала кенеттен 5-6 метр биіктен құлап кеткен. Оқиға орын алған бойда балаға алғашқы медициналық көмек көрсетілген еді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ