Атырауда желдің салдарынан кейбір үйлер мен ғимараттардың шатырлары ұшып кетті

20 қарашада Атырау облысында ұйытқуы 23-28 м/с болатын қатты желдің салдарынан кейбір тұрғын үйлер мен ғимараттардың шатырлары ұшып, жерге түскен шатыр бөліктері адамдардың өміріне қауіп төндірді, деп хабарлайды AtyrauPress облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 Құтқарушылар күшейтілген жұмыс режиміне көшіріліп, шұғыл түрде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуде.

«Атырау қаласында қатты желдің салдарынан Махамбет көшесіндегі 118 «г», «Нұрсая» шағынауданындағы №1,  Әуезов көшесіндегі №58, Н. Оңдасынов  көшесіндегі №109, Азаттық даңғылындағы  №133 «б» және №67, Қ. Ахмедияров көшесіндегі №19, Байжігітов көшесіндегі №61 үйлердің шатырлары ұшып, балкондары құлаған. Сондай-ақ, терек пен күнқағар да құлап, әбігерге салды», - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Төтенше жағдай болған орындарда жедел-құтқару жасағының құтқарушылары альпинистік жабдықтар мен авариялық-құтқару құралдарының көмегімен конструкцияның авариялық фрагменттерін бекітіп, зақымдалған бөлшектерді алып тастады және жолдарды бүлінген шатыр қалдықтарынан тазартты.

Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Эльмира Мықтыбаева