Атырауда үш күнде сегіз мас жүргізуші анықталды

Атырауда “Мас жүргізуші – қылмыскер” іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысы аумағында 10-12 ақпан күндері ПД басшылығының нұсқауымен ПД жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын-алу және болдырмау мақсатында 3 күндік “Мас жүргізуші қылмыскер” рейдтік акциясын өткізді.

Рейдік іс-шара барысында 1000-нан аса жол жүру ережелерін бұзушылық дерегі анықталып, оның ішінде 8 мас жүргізуші және көлік құралын басқару құқығынан айырылған күйде көлік тізгіндеген 1 жүргізуші анықталған. Қазіргі таңда тиісті іс-құжаттар жинақталуда.

Өз кезегінде, атыраулық полицейлер көлік жүргізушілерінен жол жүру ережелерін қатаң сақтап, көлік құралын мас күйде басқару адам өміріне аса қауіпті екенін ескертеді.