Атыраудағы колледждердің бірінде сабаққа кешіккен студентке дене жаттығуын орындату дерегі қоғамда талқылауға түсті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау облысы Білім беру басқармасының ресми мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 30 қаңтарда Атырау энергетика және құрылыс колледжінде болған. Колледж студенті «Ағылшын тілі» пәнінің сабағына белгіленген уақыттан 6 минутқа кешігіп келген.
Сабақ барысында пән оқытушысы студентке тәртіптік шара ретінде отжимание жасауды ұсынған. Алғашында студент бұл талаппен келіспегенімен, кейін 70 рет дене жаттығуын орындаған. Осыдан соң ол сабаққа қатысуын жалғастырып, оқу процесіне белсенді араласқан. Сабақ кезінде және одан кейін студенттің денсаулығына байланысты ешқандай шағым тіркелмеген.
Колледж әкімшілігі жағдайды назарға алып, студенттің заңды өкілімен түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Тараптар арасында әңгімелесу ұйымдастырылып, мәселені өзара келісім арқылы шешу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда кейін студенттің анасы бұл жағдайды заң аясында қарау жөнінде шешім қабылдаған.
Аталған дерек колледж жанынан құрылған Әдеп жөніндегі кеңесте қаралып, қолданыстағы заңнама мен ішкі тәртіп талаптарына сәйкес шешім қабылданған. Нәтижесінде педагогке кәсіби әдеп нормаларын сақтамағаны үшін еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жаза қолданылды.
Айта кетейік, Полиция департаментінің мәліметінше, тараптардың татуласуына байланысты арыз-шағым тіркелмеген. 2 ақпан күні студенттің анасы мен пән мұғалімі өзара келісімге келген.
Білім беру басқармасы қазіргі таңда студенттің құқықтары мен қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгенін, ата-анамен тұрақты байланыс орнатылғанын хабарлады.
