Атырауда қалта ұрлығы азайды

Атырауда полиция ұсынысымен қондырылған камералар ықпалымен қалта ұрлығы азайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қалалық полиция басқармасы 2021 жылы Атырау қаласында жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктерге бейнебақылау камераларын қондыру жөнінде ұсыныс берген еді. 2022 жылдан бастап қала ішінде қатынайтын автобустарға жергілікті атқарушы органдардың үйлестіруімен бейнебақылау орнатылды. Нәтижесінде 2022 жылы автобустарда 6 қалта ұрлығы тіркеліп, күдіктілердің барлығы анықталған.

 - Қалта ұрыларының қақпанына көбіне мектеп оқушылары мен зейнеткерлер ілігетін. Оқушылар ұялы телефондарын қолжетімді жерге немесе арқасына асынған сөмкесіне салып қалта ұрыларының оңай олжасына айналатын. Қоғамдық көліктердегі бейнебақылау камералары аталған құқық бұзушылықтардың алдын алуда тиімділігін көрсетіп отыр - деді, Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әнуар Кокалов.

Атыраулық полицейлер қандай да бір құқық бұзушылыққа куә болсаңыз дереу 102 операторына немесе учаскелік полиция инспекторына хабарлауыңызды сұрайды.