Атырауда «контент үшін» жаяу жүргіншілер өткеліне жатып алған екі қыз жауапқа тартылды

Атырау қаласында екі жас қыздың жаяу жүргіншілер өткеліне әдейі жатып, көлік қозғалысын бөгеген сәті әлеуметтік желіде тарады. Полиция олардың жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 5 қарашаға қараған түні болған. 18 және 21 жастағы екі азаматша бұл әрекеттерін бейнежазбаға түсіріп, «контент» ретінде жарияламақ болған.

Тексеру нәтижесінде олардың әрекеті Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу ретінде бағаланып, екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті тұрғындарға ескерту жасады:

"Лайк" пен “контент” үшін жасалған мұндай “шоу” жол қозғалысына қатысушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Бұл – ойын немесе көңіл көтеру емес, заңға қайшы әрекет. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік көзделген», — делінген ресми хабарламада.

Құқық қорғау органдары жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық тәртіпті кез келген жағдайда сақтау қажеттігін еске салады.

«Жолда — жауапкершілік, тәртіп пен қауіпсіздік бәрінен маңызды», — дейді полиция өкілдері.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ