Атырау қаласында баскетбол ойыны барысында 13 жастағы жас спортшы қайтыс болды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Қайғылы оқиға баскетбол алаңында орын алған. Марқұм — AiRom баскетбол академиясының тәрбиеленушісі Тасболат Абдулазиз. Оның қаза болғаны туралы академия өкілдері әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді.
Жарияланған ақпаратта Тасболаттың мақсатшыл, еңбекқор спортшы болғаны, командадағы әріптестері мен бапкерлері арасында сый-құрметке ие болғаны айтылған.
«Абдулазиз алаңда да, өмірде де нағыз күрескер ретінде жадымызда мәңгі қалады», — делінген академияның хабарламасында.
AiRom академиясы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, олардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді.
Оқиғаның нақты мән-жайы мен жасөспірімнің қаза болу себебі әзірге ресми түрде хабарланған жоқ.