Жыл басынан бері өңірде балалардың терезеден құлауына қатысты 9 дерек тіркелген, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өткен жылы осындай 12 жағдай орын алған. Оқыс оқиғалардың басым бөлігі көпқабатты тұрғын үйлерде, 3 пен 9 жас аралығындағы балалар арасында болған.
Биыл төтенше жағдайлар департаменті 7 мыңнан астам пәтерді аралап, тұрғындарға 5 мыңға жуық жадынама таратқан. Сонымен қатар 159 білім беру мекемесінде интерактивті сабақтар ұйымдастырып, 21 мыңнан астам оқушы қамтылған. Бұдан бөлек, 286 пәтердің терезелеріне арнайы қорғаныш бекітпелер орнатылған.
Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және оларды қараусыз қалдырмауға шақырады. Мамандардың айтуынша, терезелерге қорғаныш құрылғыларын орнату мен қауіпсіздік ережелерін сақтау – балалардың өмірін қорғаудың негізгі шараларының бірі болып табылады.
Қазіргі уақытта өңір бойынша түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жалғасуда.