Атырауда 90-ға жуық бала жоғалып кетті...

Қазір балалардың жоғалу фактілерінің көбеюі алаңдатар жағдай туғызуда, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыс аумағында жыл басынан бері балалардың жоғалуының 89 дерегі тіркелген. Бала жоғалу фактісі бойынша 73 ата-ана полиция қызметкерлеріне хабарласса, 6 хабарлама мектеп қызметкерлерінен, 9 хабарлама адасқан балаға бей-жай қарай алмаған азаматтардан түскен. ​

- Жасөспірім балаңыз уақытында үйге келмеген жағдайда, өз еркіңізбен іздестіру жұмыстарын ұзаққа созбай, дереу полицияға хабар беріңіз. Бұл жоғалған балаларды іздестіру жұмыстарының сәтті аяқталуына өз септігін тигізер еді. Көп жағдайда ата-аналар балаларының үйге келуін күтіп, оқиғаны жасырып келеді. Мысалы, күндізгі 12:00 шамасында сабаққа кеткен баласының үйіне уақытылы келмеуі бойынша ата-анасы тек қана түнгі 01:30 шамасында полицияға хабарлаған. Бұл жағдайда бала табылып, аман-есен ата-анасымен қауышқан болатын, – дейді Атырау облысы полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиев.

​Жасөспірім балаларыңыздың тәрбиеңізге көнбей, сабақ оқудан бас тартып, үйден ұзақ-уақытқа ескертусіз кетуді әдетке айналдырса немесе алкогольдік, нашақорлық, уытқұмарлық, т.б. тәуелділік белгілерін байқасаңыз, Сіз 8-7122-98-21-31, 98-22-31 телефондары арқылы хабарласып, балаңызға көмек көрсету бойынша құқықтық кеңес ала аласыз.