Атырауда 300-ге жуық өрт тіркелді

Жыл басынан бері облыста 260-тан астам өрт тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 13%-ға көп. Оның ішінде тұрғын үй секторында 122 өрт болып, одан 12 адам көз жұмды. Бұл туралы Атырау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәурен Берденов баспасөз мәслихатында баяндады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, өрттің негізгі шығу себептері электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, сонымен қатар пештерді орнату мен пайдалану кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтамаумен байланысты.

- 2024-2025 жылу беру кезеңінде 1 қазан мен 3 желтоқсан аралығында тұрғын үй секторында 22 өрт оқиғасы тіркелді. Одан 2 адам қайтыс болып, 1 адам жарақат алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт саны 50%-ға, жарақат алғандар 100%-ға өскен. Жылыту маусымы басталғаннан бері департамент, жергілікті атқарушы орган, полиция, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ қызметкерлері және еріктілермен бірлесіп, тұрғын үй секторында 30 мыңнан астам азаматты қамти отырып, 17 221 тұрғын үйді аралап, қауіпсіздік ережелерін түсіндірдік,- деді Д.Берденов.

Сондай-ақ ол, алда келе жатқан «Жаңа жыл» мерекесінде әр түрлі себептермен өрт немесе басқа да оқыс оқиғалар болмас үшін қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаған жөн екендігін атап өтті.

Айта кетейік, өңірде ҚР ТЖМ бұйрығымен 1-31 желтоқсан аралығында «Өрт қауіпсіздігі» айлығы өтіп жатыр.

Сәуле МАҒАУ