Атырау әуежайында жарылғыш зат туралы жалған хабар рейсті тоқтатуға себеп болды

Атырау қаласының әуежайында «Атырау – Алматы» бағытындағы рейске тіркелу кезінде ер адам қол жүгінде жарылғыш зат бар екенін айтып, жалған ақпарат таратты, деп хабарлайды AtyrauPress.

Оқиға 8 қараша күні болған. Жолаушылар қауіпсіздік мақсатында эвакуацияланды, жергілікті БАҚ‑та соған қатысты видео жарияланды. Аталған дерек бойынша көліктегі облыстық полиция департаменті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273‑бабы («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша қылмыстық іс қозғады. 

Тексеру нәтижесінде ер адамның мәлімдемесі расталмады, жарылғыш зат табылған жоқ және әуежай жұмысы қалыпты режимде жалғасып жатыр. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.

Айта кетейік, 273‑бапқа сәйкес, дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар таратқан адам бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлға, сондай мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жазаларға тартылуы мүмкін.

Фото: caspianlife.kz

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ