Атыраулық полицейлер 16-қабаттан секіргелі тұрған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
6 мамыр күні сағат 3:06 шамасында 102 арнасына Алмагүл мөлтекауданы бойындағы көпқабатты үйдің 16-қабатынан белгісіз ер азаматтың секіргелі тұрғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына Атырау қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының взвод командирі Данабек Сақуов және қызмет инспекторлары полиция аға лейтенанты Айдос Кубиев пен полиция лейтенанты Серік Жолдығалиұлы дереу жетіп тез арада жоғары қабатқа көтерілген. Оларды байқаған ер адам оған жақындамауын ескертіп айқайлай бастаған. Жағдайды бағдарлай отырып, полицейлер ер адаммен диалог құруға тырысты және ығайлы сәтті күтіп, шапшаң қимылдап оның арқасынан ұстап, балконның ішіне тартып кіргізген. Полицейлер құтқарылған ер адамды қауіпсіз жерге шығарып, сөзбен басу айтып тыныштандырған.
Қазір 23 жастағы азаматтың мұндай іс-әрекетке не үшін барғаны анықталуда. Психологтармен бірлесіп онымен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото-иллюстратив: azh.kz