"Жайлау той-2025" этномейрамы кең көлемде тойланды

Астрахань облысы Алтынжар ауылында дәстүрлі "Жайлау той — 2025" этномейрамы өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Қазақ халқының бірлігін, қонақжайлылығы мен салт-дәстүрін сақтау мен насихаттау мақсатында өткізілген шараға Құрманғазы ауданынан арнайы делегация, мәдениет қызметкерлері және Атырау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның "Мұрагер" фольклорлық ансамбілінің өнерпаздары қатысты.

- Құрманғазы ауданы – қазақтың қонақжайлығын, салт-дәстүрлерін, өнерін ұлықтайтын мекен. Біздің халық өз жерінің шырайлы жайлауларында ән мен күйге, сырға толы өмір сүреді. Бұл той бір-бірімізді тануға, достықты нығайтуға мүмкіндік береді,- деді Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев.

Шарада ұлттық спорттық ойындар ұйымдастырылып, екі елдің мәдени қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік бағдарлама ұсынылды.