«Жұмекен жырлары – ғасыр үні»: Атырауда республикалық конференция өтті

Бүгін Атырау төрінде қазақ поэзиясының ұлы тұлғасы, Мемлекеттік Гимн авторы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған “Жұмекен жырлары – ғасыр үні” атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ақындар мен әдебиеттанушылар, жұмекентанушылар қатысты. Конференцияның басты мақсаты — ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ақынның мұрасын дәріптеу, жас ұрпаққа жеткізу.

Конференцияны Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов ашты. ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын Шерхан Талапұлы жеткізді.

Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова және басқа да зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі.

Конференцияның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов және мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегенов сөз сөйлеп, ақын мұрасының ұлттық руханияттағы маңызын атап өтті.

Келелі жиын барысында ақынның қызы Қарлығаш Нәжімеденова әкесінің адами қасиеттері мен шығармашылығына тоқталды.

– Әкем қазақ және әлем әдебиетін терең білетін. Маған оның «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт», «Ақшағыл» романдары ерекше ұнайды. Бұл шығармаларды оқығанда әкемнің бейнесі көз алдыма келеді. Онда соғыс жылдарындағы ауыр кезеңдер суреттелген. Егер осы романдар желісімен сериал түсірілсе, тамаша туынды болар еді, – деді Қарлығаш Нәжімеденова.

Сонымен қатар сыншы, публицист Амангелді Кеңшілікұлы, профессор, жұмекентанушы Қадір Жүсіп, ақын Светқали Нұржан және басқа да қатысушылар өз баяндамаларында Жұмекен поэзиясының ұлттық рухани кеңістіктегі орны мен көркемдік ерекшеліктерін талдады.

Конференция аясында ақын, жұмекентанушы Алмас Ахметбекұлының “Ұлт ұраны және Ұлы ақын” атты кітабының тұсаукесері өтті.

Атырау аспанында бүгін Жұмекен жыры жаңғырып тұрды. Жүрекке жыр, санаға сыр құйған ақынның 90 жылдығына арналған республикалық конференция рухани биіктік пен ұлттық сананы дәріптеген мереке болды. Жұмекен — тек ақын емес, ол ел рухының, ұлт мінезінің, тәуелсіздік үнінің иесі. Оның “Менің Қазақстаным” әні бүгінде бүкіл халықтың жүрегінде жаңғырып, ел бірлігінің символына айналды. Бүгінгі конференцияда ғалымдар мен қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері Жұмекен әлемін терең талдап, ұрпақ жадында жаңғыртты. Жарық көрген “Ұлт ұраны және Ұлы ақын” кітабы – сол рухани сабақтастықтың айғағы.

“Жұмекен жырлары – ғасыр үні” республикалық конференциясында бірқатар маңызды ұсыныстар айтылды. Соның бірі, Атырау өңірінде «Жұмекен орталығын» ашу ұсынылды. Ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында жыл сайын «Жұмекен оқуларын» өткізу, оның мұрасын халықаралық деңгейде таныту бағытында арнайы жобалар мен байқаулар ұйымдастыру көзделді. Бұл — ұлт руханиятының өрлеуіне, жастардың әдебиетке қызығушылығын арттыруға үлкен серпін бермек. Өйткені, Атырау — Жұмекен туған жер. Ол жазған «Менің Қазақстаным» — бүгінде ел рухының биік нышаны.

Айта кетейік, Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келген.1954 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін 1954-55 ж.ж. «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 1955-56 ж.ж. Қарағандыдағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып істеді. 1956-59 ж.ж. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде (домбырадан) дәріс алды.1959-65 ж.ж. «Жазушы» баспасында редактор, 1965-66 ж.ж. «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, 1966-71 ж.ж. Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды. 1971-73 ж.ж. Москва қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курсты бітірді. 1974-78 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, 1978-83 ж.ж. «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Ақынның алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. Содан бергі уақыт ішінде жиырмаға жуық жеке өлеңдер мен поэмалар жинақтары оқырман қолына тиді. Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты. Ж. Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты.

Жұмекен Нәжімеденов – Қазақстан Республикасы Әнұраны авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері. 1955 жылдың қыркүйегінде Қарағанды қаласының шахтерлері бүкіл Қазақстан жастарына үндеу тастап, көмір өндіруге шақырған. Оған Жұмекен де алғашқылардың бірі болып 16 қыркүйекте «Шахтаға мен де барамын», – деген өлеңімен үн қосты да, Қарағандыға аттанды. Сонда жүріп, Қарағанды Кеншілер сарайында құрылған ән-би ансамблінің белсенді мүшесі болды, кәсіподақ мүшелігіне өтті.

«Шахтер Жұмекен қайласы, айбалтасы тас қабырғаны қиратса, қаламы да қайраулы алмас қылыштай жарқырады. Көңіліндегі көркем сөзін қазақ халқының мақсат-мүддесіне жұмсаған,талап, талантымен өз ырқына көндірген Жұмекен жүрегінің локомотиві – өлеңі оны қазақ поэзиясының биігіне көтерді» дейді «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты зерттеу кітабының авторы, белгілі заңгер Марат Азбанбаев.

Аман ШАМАР