2025 жылы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры жаңа премьералар, республикалық және халықаралық фестивальдердегі жетістіктер және жан-жақты гастрольдік сапарлармен ерекше маусым өткізді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы театр басшылығы арнайы өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Театр директоры Сағынтай Көпжасаров биылғы маусымның мазмұндық тұрғыдан да, көркемдік деңгей жағынан да табысты болғанын атап өтті.
«2025 жыл біздің театр үшін үлкен серпіліс жылы болды. Бір маусымда жеті түрлі жанрдағы премьераны көрерменге ұсыну кез келген өнер ордасы үшін айрықша көрсеткіш. Әр қойылымның артында режиссердің ізденісі, актерлердің еңбегі, шығармашылық топтың күнделікті тынымсыз жұмысы бар. Фестивальдердегі жетістіктеріміз де кездейсоқ емес. Бұл - ұжымның жүйелі еңбегі мен жауапкершілігі», деді театр басшысы.

Көпжасаров сонымен қатар көрермен санының артуын да ерекше атап өтті:
«Көрерменнің тұрақты келуі өнерге берілгген үлкен баға деп есептейміз. Театрға деген сенімнің артқаны бізді қуантады» деді ол.
Биыл сахналанған премьералар қатарында «Іс» трагифарсы, «Алпамыс мектепке барады» ностальгия қойылымы, «Сіз кімсіз?» метафизикалық драмасы, «Жоғалған үміт» перформансы, «Кездесу мен қоштасу» мелодрамасы, Шекспирдің «Асауға тұсауы» және «Үзілген үміт» драмасы бар.
Театр ұжымы Алматы, Талдықорған, Құрманғазы және Исатай ауданында гастрольдік сапар жасап, жалпы 4700-ге жуық көрерменді қамтыған.
Ал фестивальдердегі көрсеткіштер биыл ерекше жоғары болды. Жезқазғандағы халықаралық фестивальде арнайы номинация, Ақтау қаласында ТҮРКСОЙ-дың «Алғыс хаты», Қостанайдағы «QIT FEST»-те III орын, Таразда актриса Шәкензада Күзембайдың «Үміт» номинациясын иеленуі — соның айғағы.
Айта кетейік, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры биыл 80 спектакль ұсынып, көрермендер санын айтарлықтай арттырды.