Атыраудағы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде қазақтың тұңғыш бард ақыны, әйгілі композитор Табылды Досымовтың туғанына 60 жыл толуына орай «Кенептегі асау тағдыр» атты облыстық симпозиум өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникация қызметі.
Көрмеге өңірдің үздік суретшілері қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған тың туындыларын ұсынды. Олар бейнелеу өнері арқылы Табылды Досымовтың рухани болмысын, азаматтық ұстанымын, еркін рухын көркем тілмен жеткізуге тырысты.
Суретшілер симпозиумына Қамбарбек Аманов, Кендір Отарбай, Рафаэль Слеков, Мұрат Рахметов, Мұхтаров Темірбек, Тілек Халин, Оразбай Қарабалин, Аслан Дюсенғалиев және Елеуғали Дәукенов сынды қылқалам шеберлерінің туындылары көрермен назарына ұсынылды.
Солардың ішінде ерекше көзге түскен жұмыстың бірі – Елеуғали Дәукеновтің «№5-ші жатақхана» атты картинасы. Бұл шығарма Табылдының студенттік шағындағы КазГу өмірінен сыр шертеді. Суретте ала жейде киген жас Табылды қолына гитара алып, жатақхана ауласында достарының арасында ән салып отырған сәт бейнеленген. Көрермендер бұл туындыны ақынның жастық жігері мен еркін болмысын дәл жеткізген көркем образ ретінде жоғары бағалады.
– Ерекше дарын иесі Табылды Досымовтың 60 жылдығына арналған «Кенептегі асау тағдыр» симпозиумына 10 шақты суретші қатысты. Олар ақын шығармашылығын жаңа қырынан ашып, көркем тілмен рухани-мәдени ықпалын терең жеткізіп отыр, – деді көрме басшысының орынбасары Махамбет Дауылбаев.
Симпозиум барысында ақынның шығармашылығына арналған баяндамалар оқылып, оның поэзиясы мен әндері көркемдік тұрғыда қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар үздік туындылар мен авторлар арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.