Самал Өмірзақова: «Домбырамен өскен ұрпақ ұлтынан алыстамайды»

Дарынды дәстүрлі әнші әрі жас ұстаз Самал Өмірзақова өнерлі отбасында дүниеге келіп, өнерлі ортада өскен, табиғи талантын біліммен ұштастырған өнегелі қазақ қыздарының бірі. Бүгінде ол Атырау облысы Индер аудандық Өнер мектебінің директоры болып қызмет атқарады. Ұлт өнерін дәріптеп, шәкірт тәрбиелеуді қатар алып жүрген Самалмен AtyrauPress тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Самал Жұмабекқызы, әңгімені ең әуелі туған топырағыңыздан өнерге деген алғашқы сүйіспеншілігіңізден бастасақ.

- Мен Исатай ауданының Х. Ерғалиев ауылында, Нарынның қасиетті топырағында дүниеге келдім. Бұл өңір өнерге бай, жырдың жұпарымен, күйдің күмбірімен өскен ел емес пе? Сол орта мені өнерге баулығандай. 9-сыныпқа дейін Ғибатолла Мәсәлімов атындағы орта мектепте оқыдым. Новобогат балалар саз мектебінде ұстазым Жеңісгүл Әліпова апайдан домбыра аспабын үйрендім. Мектеп кезінде Махамбет оқулары мен Абай-Шәкәрім оқуларына қатысып жүрдім. Өнерге деген құштарлығым сол кезден басталса керек.

- Кәсіби жолыңыз қалай қалыптасты?

- 2003-2007 жылдары Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы - Атырау музыка колледжінде халық әні мамандығы бойынша Рая Латифуллина апайымның класында оқыдым. Кейін 2007–2011 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Айгүл Қосанованың класында білім алдым.

Оқуымды аяқтаған соң “Сазген сазы”, “Құлансаз” ансамбльдерінде жеке әнші болдым. Сондай-ақ Майра Ілиясова продюсерлік еткен “Керімсал” этно тобында өнер көрсеттім. Бала арманым болған Республика сарайы мен Қазақконцерт сахнасында ән айту бақытына ие болдым. “Сегіз қырлы”, “Ұлы дала ойындары” телебағдарламаларына бірнеше рет қатыстым. Облыстық, республикалық байқаулардан да жүлделерім бар.

- Осындай үлкен сахналарды қиып, туған жерге оралу шешімінің өз себебі бар шығар?

 - 2014 жылы анамның шақыруымен Атырауға оралдым. Өзім білім алған музыка колледжіне ұстаздық етуге келдім. Алғашқы шәкірттерім - Еркінғалиева Аяжан, Берікқали Айдана, Хуанова Алида, Нұржанова Ұлмерек. Солардың ішінде Алида Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп, бүгінде облыстық филармонияның жеке әншісі болып қызмет етіп жүр. Бұл - ұстаз үшін үлкен қуаныш.

 - Жеке орындаушылықтан ұстаздыққа ауысқанда қандай өзгерістерді сезіндіңіз?

- Бұрын тек өз шығармашылығым, дауысымды күту, репертуар таңдау, байқауларға қатысу сияқты жеке мәселелермен айналысатынмын. Ал ұстаздыққа келгенде мүлде басқа әлем ашылды. Оқушыға домбыраны таныстырудан бастап, қалай дұрыс отыру керегін, дауысын қалай сақтауы қажет екенін үйрету - үлкен жауапкершілік.

Оқушының қабілетіне қарай халық әндері мен жыр-термелерді үйрету - шыдамдылықты, шынайы шеберлікті талап етеді. Осы жолға келген әр ұстаздың өз шығармашылығын кейінге ысыратынының себебін түсіндім. Әр шәкіртімнің нәтижесін көру - ең үлкен қуаныш. Шама келгенше ұстаздықты да, өз өнерімді де қатар алып жүруге тырысамын. Отбасының да өз орны бар. Ұстаздарымыздың “қыз балаға өнер жолы қиын” деген сөзін қазір өте жақсы түсінеміз.

- Жастардың бүгінгі дәстүрлі өнерге қызығушылығы жайлы не айтар едіңіз?

- Қызығушылық бар, бірақ “өте жоғары” деп айту қиындау. Дегенмен телеарнада жиі насихатталмаса да, әлеуметтік желіде жастарымыздың өнерін көрсетіп жүргенін көріп қуанамын.

- Соңғы уақытта дәстүрлі әндерді эстрадалық бағытта өңдеп айту көбейді. Бұған көзқарасыңыз қалай?

- Бұл - көп ойландыратын мәселе. Заман алға жылжиды, музыка түрленеді. Бірақ дәстүрлі ән - кез келген өзгерісті көтере бермейтін нәзік дүние. Әр әуезінде тарихтың үні, халықтың мұңы, ұлттың жүрек соғысы жатыр. Оны өз ыңғайына қарай бұра салуға болмайды. Ұлттық өнердің тазалығын сақтау - парыз.

- Өнердің адам тәрбиесіндегі рөлі туралы жиі айтасыз…

- Иә, дәстүрлі өнер - біздің ұлттық кодымыз. Ол өткеннің үнін бүгінге жеткізеді. Домбыраның үнімен өскен бала ұлтынан алыстамайды. Терме тыңдаған ұрпақ  теріс жолға түспейді. Бұл өнер - рухани тәрбие құралы. Нағыз дәстүрлі өнер иесі - жай әнші емес, рухтың сақшысы. Оның бойында ізгілік, ұлтқа деген махаббат, сабыр мен адалдық болуы керек.

- Бүгінгі музыка кеңістігінде сапасыз дүниелердің көбейіп бара жатқаны жиі айтылады…

- Өкінішке қарай  солай. Қазір кім көрінген - әнші, кез келген мәтін - ән. Тереңдігі жоқ дүниелер көбейді. Әннен - сөздің салмағы сезілуі тиіс. Бұрын бір әннің өзінен тәрбие алатын едік, қазір кей әндердің не айтқысы келгенін түсінбей қаламыз. Өнер - жауапкершілік. “Танымал болсам болды” деген жеңіл мақсатпен туған әндер ұзаққа бармайды. Сән өтеді, сапа қалады. Уақыт бәрін екшейді.

- Әңгімеміздің соңын ұстаздық жолыңызбен аяқтасақ…

- Дәстүрлі өнерді сақтау - әр қазақтың міндеті. Ұстаз үшін бұл міндет екі есе ауыр. Шәкірттерімнің бойына ұлттық болмыс пен өнерге деген адалдықты сіңіру - басты мақсатым. Алмас Алматов ағамыздың “Өнерпаз ойлы болса өнер нәрлі болады” деген сөзі бар. Шәкіртке берер ең үлкен тәлімім  осы ойды жүректеріне жеткізу деп білемін. Төл өнерімізді төрімізден түсірмей, өз болмысымызды ұлықтайтын ұрпақ тәрбиелеу - менің басты арманым әрі ұстаздық парызым.

- Сол мұратыңызға жетіңіз. Әңгімеңізге рақмет.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ