Оңайбай Көшековтің туғанына – 100 жыл

Мемлекет және қоғам қайраткері, Атырау облысының Құрметті азаматы Оңайбай Көшековтың туғанына 100 жыл толуына орай «Парасат биігіндегі тұлға» атты еске алу кеші өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кеш ел жанашырының өмірі мен қайраткерлік тұлғасы туралы деректі фильммен және театрландырылған прологпен басталды.

- Биыл Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 80 жыл. Сұрапыл соғыс жылдарын өткізген, соғыстан кейінгі қираған шаруашылықты қалпына келтіруде өлшеусіз еңбек сіңірген – Оңайбай Көшеков. Ол қайраткер тұлғасымен, батыл бастамаларымен ел есінде мәңгі қалды. Шекара офицерінің формасын туған аймағын абаттандыру үшін алмастырған ағамыздың ғұмыр жолы өшпес өнегеге толы. Атырау облысының өркендеу жолына саналы ғұмырын арнады. Өзіне берілген перзенттік міндетті адал атқарды. Ол Атырау өңірін ең ұзақ басқарған және өркендеу сатысына көтерген талантты мемлекеттік қызметші еді. Биыл тарихи тұлғаның есімін ұлықтау іс-шаралары жалғасын таба бермек. Ізгілікке толы ғұмыры кейінгі ұрпаққа өнеге болғай, - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешовтің айтуынша, көрермендер арасындағы көпшілік қоғам қайраткерінен алған тәрбие, білімі үшін оған қарыздар. «Ол кісінің парасаты мен азаматтығын бойымызға сіңіріп өстік» дейді ол. Сонымен қатар жиналған қауымға Қазақстанның еңбек ері, республикалық Ардагерлер ұйымының төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің құттықтау хаты оқылды.

Еске алу кешіне тарихи-өлкетану мұражайының және Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының тақырыптық көрмелері қойылды.