Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Атыраудағы бірқатар мекеменің жұмысымен танысты.

Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты Азаматтық орталықта өткен кездесу барысында азаматтық бастамаларды қолдау, үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды дамыту және қоғаммен тиімді байланыс орнату бағыттары талқыланды.

Вице-министрдің сапары «Азан» радиосында жалғасты. Мұнда бағдарламалардың мазмұны, студияның техникалық жабдықталуы және ақпараттық жұмыстарды жетілдіру мүмкіндіктері туралы айтылды.
Радио 2023 жылы ашылған, бүгінде жылына 27 бағдарлама тыңдарманға жол тартып, ақпарат таратып келеді.

Вице-министр Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне де барды. Мәдени мұраны сақтау, көрме экспозицияларын жаңарту және көрермендерге қолжетімділікті арттыру жолдары талқыланды.

Өнер музейінде соңғы жылдары қолданбалы-сәндік өнер бағытын жандандыру жолға қойылды. Музейде ірі жобалар өткізу дәстүрі жалғасын табуда. Солардың бірі республикалық «Шебер – FEST 2025»атты шеберлер мен қолөнершілердің фестивалі. Келесі жылы халықаралық дәрежеде өткізу жоспарда бар.
Бұдан бөлек, жуырда өнер музейінде облыста тұңғыш рет «Өңіржиек» атты зергер-шеберлер арасындағы республикалық online-симпозиум көрмесінің ашылу салтанаты өтті.
Осы симпозиум аясында өнер музейіндегі 9 экспозиция залының бірі қайта жаңғыртудан өтіп, зергерлік өнер залына айналды. Болашақта көздің жауын алар небір жауһар-жақұттармен зал іші толығатын болады.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ