23 «наурыз», 2023 15

Құрманғазылықтар Наурыз мерекесін тойлады


Құрманғазыда Смағұл Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы демалыс алаңында 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күніне арналған «Наурыз – мейрам жүректерге нұр сепкен» атты мерекелік шара өтті, - деп хабарлайды Құрманғазы ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Мерекелік шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы алдымен алаңға құрылған киіз үйлерде болып, ұлыстың ұлы күні - Наурызбен құттықтап, жәрмеңке, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылған алаңды аралады.
Алаңға жиналған аудан жұртшылығы спорт кешені жанында ұйымдастырылған – қол күрес, арқан тартыс, кір тасын көтеру, садақ ату секілді ұлттық ойындарды тамашалады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген ауданымыздың шеберлері Талғат Жұмалиев, Болат Бидуллаевтың қолынан туындаған жәдігерлерден де көрме ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, мерекеге арнайы Құрманғазы ауылдық округі, аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер, техникалық колледж, аудандық аурухана мекемесінің ұжымдары құрған киіз үйде аудан халқы мен қонақтарына ыстық бауырсақ пен наурыз көже ұсынылды.
Бұдан өзге мерекелік шара ауыл шаруашылығы және сауда өнімдерінің жәрмеңкесімен мазмұнды жалғасын тапты.
Осынау ұлы мерекеге арнап, жергілікті өнерпаздар концерттік бағдарлама да ұсынды. Онда Жер-ана, Қыдыр баба, шашу шашу, наурыз көже ұсыну сынды қойылымдар көрініс тапты.
Айта кетелік, мереке ауданда 21-22 наурыз күндері екі күн бойына тойланады деп жоспарланған. Бүгіннің өзінде аудандағы барлық ауылдық округтер мен мекеме ұжымдарында түрлі мерекелік іс-шаралар белсенді өтуде.