Индер құрамасы Жайдарманның жоғары лигасына өтті

Мәдениет, өнер және спорт саласында аудан атын республикалық дәрежеде қорғап жүрген жастарымыздың қатары көп болуы көңіл тоғайтады. Солардың бірі ретінде «Индер құрамасы» жайдарман тобын атап өтуге болады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Индерлік топ бүгінде республикалық ойындарының үздіктері қатарында. Олар жуырда Астана қаласында өткен «Маусымашар» фестиваліне барып сәтті өнер көрсетті. Сонымен қатар «Жоғарғы лига» ойындарының іріктеу сайысына да қатысып, алдағы айлардың бірінде өтетін «Jaidarman Top» жоғарғы лига ойындарына жолдама алып, қуанышқа кенелтіп отыр.

Сайыста елдің әр түкпірінен келген командалар жолдама үшін бақ сынасты. Іріктеу ойындарына барлығы 32 команда қатысқан болса, соның 8-не ғана жолдама берілді.

Айта кетсек, «Индер» құрамасы былтырғы жоғарғы лига ойындарының қатысушылары. Жерлестерімізге алдағы уақыттарда сәттілік тілейміз.