Енді «Құрметті азамат» атағы кім көрінгенге берілмейді

Қазақстанда «Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы» атағын беру тәртібін біріздендіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген нормативтік-құқықтық акт жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Құжатта өңірлерде құрметті атақ беру қағидаларын ортақ ереже бойынша реттеу ұсынылған.

Осы уақытқа дейін әр облыс, қала немесе аудан «Құрметті азамат» атағын өз бекіткен қағидаларына сәйкес беріп келді.

Соның салдарынан:

құжаттар тізімі өңірге қарай әртүрлі болды;

рәсімдеу уақыты мен тәртібі біркелкі емес еді;

әкімшілік жүктеме артып, процестер күрделене түсті.

Енді жаңа жобаға сәйкес:

«Құрметті азамат» атағын беру тәртібі бірыңғай ережемен реттеледі;

артық рәсімдер мен құжаттар қысқартылады;

шешім қабылдау үдерісі жеңілдеп, ашық бола түседі;

барлық өңірлер үшін ортақ талаптар белгіленеді.

Әзірлеушілердің айтуынша, бұл өзгерістер атақ беру процесін жүйелеуге және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын оңтайландыруға бағытталған.

 

Айта кетейік, құжат қабылданған жағдайда оның әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыда теріс салдары болмайды деп күтілуде. Қазіргі таңда жоба көпшілік талқылауына ұсынылып, «Ашық НҚА» порталында жарияланып отыр.

 

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ.