«Еділ мен Жайық» мюзиклі қалың көрерменге жол тартпақ

Қазақ музыкасының шоқтығы биік тұлғаларының бірі, әйгілі композитор Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығына негізделген «Еділ мен Жайық» мюзиклі 14-17 ақпан аралығында Атырау Жастар театрында сахналанады. Театр жетекшісі Әміржан Нұрланұлы бұл қойылымның ұлттық музыка мен драматургияның үйлесім тапқан ерекше туындысы екенін атап өтті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

- Қойылымның негізгі мақсаты – Илья Жақановтың шығармашылық мұрасын жаңа буынға таныту, оның әндерінің сырлы әлемін сахна төрінде жаңғырту. Жалпы спектакльге дайындық уақыты бір айды қамтыды. Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы режиссері - Асхат Маемиров, қоюшы суретші - Тимур Коесов, әндерді өңдеген және музыкамен көркемдеген - Бауыржан Ақтаев, Айдын Кітапқали, Шәмші Күзембай, қоюшы балетмейстері - Шырын Мұстафина, хореограф - Эльвира Машаева, қоюшы хормейстері - Ғалымжан Берекешев және хормейстері - Мөлдір Нұрлыбекқызы, - деді Ә.Нұрланұлы.

Қойылымның қоюшы суретшісі Асхат Маемировтың сөзінше, көрнекті қазақ композиторы Илья Жақановтың өмірі мен шығармашылығы негізінде сахналанған «Еділ мен Жайық» мюзиклі халық ықыласына бөленген тұлғаның қайраткерлік, композиторлық және азаматтық болмысын арқау еткен.

- Мұнда И.Жақановтың соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген балалық шағынан бастап, бозбалалық дәурен, жігіттік кезеңдері және қайраткерлік шағындағы өмір иірімдері, елі мен жеріне деген азаматтық ұстанымдары, жан сарайынан ән болып өрілген адами сезімдері көркемдік тұрғыда көрініс тапқан. Бала Ильяның бойына мейірім сыйлаған Жақан әке мен Балкен ана, өнерге іңкәр жігітке бата берген Ахмет Жұбанов, өнер жолында рухтас жандарға айналған Жұбан мен Шәмші бейнелері, елдікті ту еткен Махамбет батыр елесі — бәрі өмірі әнге айналған тұлғаның жан-сарайын айшықтайды, - деді А.Маемиров.

Брифинг соңында Илья Жақанов ішіндегі толғанысы мен сезімін жеткізіп, қалың жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.

- Өмірім мен шығармашылығыма арналған «Еділ мен Жайықтың» сахналануы – мен үшін үлкен мәртебе әрі қуаныш. Бұл қойылым арқылы сіздер менің жүрегімнен шыққан әндеріммен, өмірімнің маңызды сәттерімен жақынырақ танысасыздар деп сенемін. Өнер – халықтың рухани байлығы. Бұл қойылымды жүзеге асырған шығармашылық топқа, театр ұжымына және барлық қолдау көрсеткен жандарға шын жүректен алғысымды білдіремін, - деді И.Жақанов.