Доссорлық бишілер халықаралық сайыстан жүлделі оралды

Рысбай Ғабдиев атындағы өнер мектебінің бишілері «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» халықаралық шығармашылық конкурсынан олжалы оралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Мақат ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Аталған сайыс 1-5 маусым күндері аралығында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ұйымдастырылған болатын. 800-ден астам оқушылар қатысқан халықаралық «ZHULDYZ ART KAZAKHSTAN» байқаyында би номинациясы бойынша Р.Ғабдиев атындағы Доссор өнер мектебінің «Гауһартас» және «Айханша» би топтары бас жүлдеге ие болды. Олар сәйкесінше, «Молдавские девчата» және «Балдәурен» билерін билеудің арқасында жеңіс тұғырынан көрінді.

Жеңімпаздарды күтіп алуға аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Естай Мақсотов, Р.Ғабдиев атындағы Доссор өнер мектебінің директоры Мағзом Иманғалиев және білім беру бөлімінің мамандары, бишілердің ата-анасы, туыстары мен ұстаздары жиналды.

Ташкентте өткен байқауда тек ауданның ғана емес, еліміздің мерейін үстем еткен бишілерге аудан әкімінің орынбасары Ербол Ермағамбетов алғысын айтып, өнерлі балғындарды жеңісімен құттықтады. Өз кезегінде аудандық білім беру бөлімінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру ұйымдары бойынша әдіскері Дулат Тастаев өнерпаздарға әрдайым жеңіс тұғырынан көріне беруге тілек білдірді.

Би топтарының жетекшісі Нұргүл Еркінқызы оқушыларының таланттарын Қазақстанда ғана емес, басқа елде дәлелдей білгеніне қуанышты екендігін жеткізіп, олармен мақтанатындығын айтып өтті.