Бүгін атыраулықтар Қойшығұл Жылқышиевпен қоштасты...

Бүгін белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиевты жерлестері ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

75 жасына қараған шағында дүниеден өткен марқұмның жаназа намазына  достары, туыстары, ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері қатысты.

Қойшығұл Өмірұлы 1948 жылы Индер ауданына қарасты Жарсуат ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алып, жергілікті баспасөзден еңбек жолын бастады. Жырдан маржан тізіп, әдебиеттен ойып орын алды. Алғашқы өлеңдері республикалық газет-журналдардан түспеді. Арытнша «Тұңғыш», «Мұң-кітап», «Асаукер» жыр жинақтары да жарық көрді. Қойшығұл Жылқышиев қазақ телевизиясындағы танымал "Тамаша" ойын-сауық бағдарламасының әдеби редакторы болып та қызмет етіп, көпшілікке танылды.

"Бүгінгі қаралы жиынға қатысып отырған ағамыздың барша жора-жолдастары мен үзеңгілес достарына, ағайын-туыстарына облыс әкімі Серік Жамбылұлының атынан қайғыра көңіл айтамыз. Ағамыздың иманы жолдас болсын. Қош болыңыз, аға!" деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Қойшығұл Өмірұлы Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры болып, жергілікті ақын-жазушылардың басын біріктіріп, өңірдің әдебиеті мен мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосты. Бұдан бөлек, жас ақындарға ағалық ақыл-кеңесін айтып, аймақтағы айтыс мектебін қалыптастырды.

"Ұлан-ғайыр Атырауды ақ Жайықсыз елестету қалай мүмкін болмаса, қазақ әдебиетін Қойшығұлсыз елестету де мүмкін емес. Біз үлкен ауыр қазаға ұшырап отырмыз. 75 жыл өмірінде оның елге сіңірген еңбегі, жасап кеткен дүниесі біздің жадымыздан өшпек емес. Өйткені, ол Алматының өзінде аяғының ізін қалдырған ұлы адам болатын" деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.

Осыдан соң ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың жеделхаты оқылды. Қарымды қаламгерді туған жұрты Махамбет Өтемісов атындағы академиялық қазақ драма театры алаңынан мәңгілік мекеніне шығарып салды. Марқұмның сүйегі Қараой елдімекеніне қойылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ