Бүгін Махамбет драма театрында әйел тағдыры туралы жан тебірентерлік драма ұсынылады

10 желтоқсан күні Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Ә.Байболдың «Үзілген үміт» драмасының премьерасын көрерменге ұсынады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Премьера туралы театр басшылығы жыл қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтып өтті. Жиында театр директоры Сағынтай Көпжасаров шығарманың идеялық салмағына ерекше тоқталды.

«“Үзілген үміт”  - тек бір адамның тағдыры емес, қоғамдағы мыңдаған әйелдің жан айқайы. Бұл қойылым біз байқамайтын, бірақ өмірдің өзінде жиі кездесетін ауыр шындықтарды сахнаға алып шығады. Адамды күйрететін тағдырдың өзі емес, ең жақын жанның сатқындығы. Көрермен осы туынды арқылы жан дүниесіне үңіліп, адамгершілік пен адалдықтың мәнін қайта ой елегінен өткізеді деп сенемін» деді театр басшысы.

Оның айтуынша, жас режиссер Ақылбек Хамитов пьесаның психологиялық табиғатын нәзік жеткізе білген:
«Бұл біздің жас режиссерлердің жаңа қыры мен қабілетін көрсететін маңызды жұмыс. Актерлер де өз рөлдеріне барынша терең бойлап, қойылымға жан бітірді» деді Көпжасаров.

Драма Толқын есімді әйелдің күйзеліске толы тағдырын суреттейді. Ана болуды аңсаған кейіпкердің өмірі күйеуінің опасыздығынан және құрбысының сатқындығынан өзгереді. Спектакльде сенімнің күйреуі, жүректің жарасы, адам жанының сын сәттегі күйзелісі көркем жеткізіледі.

Премьералық қойылым көрерменді ішкі жан дүниеге үңілуге, шынайы сезім мен адамдық құндылықтардың қадірін түсінуге шақырады.

Айта кетейік, «Үзілген үміт» — театрдың биылғы 7 жаңа премьерасының бірі. 2025 жылы театр репертуарлық айналым бойынша 80 спектакль ұсынып, көрермен белсенділігін айтарлықтай арттырған.