Атыраулық мұнайшы Мақсым Ізбасов «Барыс» орденімен марапатталды

Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтай барысында Атыраулық мұнайшы, қоғам қайраткері Мақсым Ізбасов жоғары мемлекеттік награда – «Барыс» орденімен марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлімдеді. Мемлекет басшысы құрылтай жұмысына белсене қатысып, елдегі реформалардың табысты жүзеге асуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматты марапаттаған.

Мақсым Ізбасов мұнай-газ саласында және мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосты. Ол халықаралық және өңірлік ынтымақтастықты дамытуға, қоғамдық бастамаларды қолдауға белсенді атсалысқан тұлға ретінде танылған.

Сондай-ақ ол Жылыой ауданының әкімі қызметін атқарған кезеңде ауданның инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік мәселелерді шешу және экономиканы дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізді.

Айта кетейік, «Барыс» ордені – Қазақстан Республикасындағы ең жоғары мемлекеттік наградалардың бірі. Ол мемлекет дамуына, қоғамдық және әлеуметтік салаға ерекше еңбек сіңірген азаматтарға табысталады.