Атыраулық айтыскер ақын жаңа Конституция жобасына пікір білдірді

Атыраулық айтыскер ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Саадат Нұрманов жаңа Конституция жобасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасы – елдің болашағына бағытталған маңызды құжат.
– Бұл – маңызды құжат. Оны әр қазақстандық сезінуі қажет. Ондағы басымдықтарға мән берсек, елдің ертеңіне деген сенім арта түседі. Заң – мемлекеттің тірегі. Сондықтан мұндай құжаттың заман талабына сай жаңаруы заңды құбылыс, – деді ол.

Айтыскер ақын қазіргі әлемдегі геосаяси ахуалға да тоқталды.

– Әлемдегі геосаяси жағдайды көріп отырмыз. Осындай кезде қазақтың «Бір жол бар алыс, алыс та болса жақын» деген тәмсілін еске алған жөн. Қазіргі жағдайда асықпай, ақырын жүріп, анық басып қана межеге жетуге болады. Мұндай кезеңде елдің бірлігі мен тұрақтылығы бәрінен маңызды, – деді Саадат Нұрманов.

Сонымен қатар ол жаңа Конституция жобасының тіліне ерекше назар аударды.

– Құжаттың қазақ тілінде жатық әрі түсінікті жазылғанын атап өткім келеді. Заң халыққа түсінікті болғанда ғана оның мәні артады. Әр азамат өз құқығы мен міндетін анық түсінетіндей болуы керек, – деді ол.

Айта кетейік, жаңа Конституция жобасы қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын күшейтіп, мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікті айқындауға бағытталған.