Атырау қаласында өткен Қаршыға Ахмедияров атындағы «Күй – Ұран» II халықаралық байқауы қорытындыланды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Үш күнге созылған өнер додасы биыл қатысушылар санының артуымен ерекшеленді. Бұрын байқау тек домбыра орындаушылары арасында өтсе, биыл оған түркітектес халықтардың екі-үш ішекті аспаптарында ойнайтын шеберлер де қосылды. Осылайша, байқаудың ауқымы кеңейіп, халықаралық деңгейдегі мәдени алаңға айналды. Жеңімпаздарды марапаттау Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында өтті.
Қазылар алқасы құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карима Сахарбаева, Ерболат Ахмедияров, Ерсайын Басыағара, Абылай Тілепберген, Сәлімгерей Садықов және шетелдік шеберлер — Фарук Садыков (Өзбекстан), Ирина Суеркулова (Қырғызстан) болды. Олар үздіктерді анықтап, арнайы жүлделер мен орындарды табыс етті.
Айта кетейік, биылғы халықаралық сайысқа Қазақстанның барлық аймағынан және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен барлығы 43 қатысушы келді. Олар «Домбыра-тенор» және «Түркітектес халықтардың екі-үш ішекті аспаптары» номинациялары бойынша өнер көрсетті.