Атырауда Рысбай Ғабдиевтің 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті

Ғабдол Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханада Қазақстанның халық әртісі, домбырашы, дирижер, күй өнерінің көрнекті өкілі Рысбай Ғабдиевтің туғанына 90 жыл толуына орай «Ұлылық рухына тағзым» атты еске алу кеші ұйымдастырылды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Шара барысында төкпе күйдің тарланы саналатын күйшінің өмір жолы мен шығармашылығы кеңінен таныстырылып, репертуарындағы таңдаулы күйлер орындалды. Еске алу кешінде күй өнерінің дамуына сіңірген еңбегі, ұлттық музыкаға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

Іс-шараға Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының майталманы Алма Әзидоллақызы, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің, Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның өкілдері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ Атырау музыка колледжі мен кітапхана оқырмандары қатысты.

Сондай-ақ кешке домбырашы, халықаралық конкурстардың лауреаты Ғабдиев Арыстанбек Рысбайұлы және Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің музыка және өнер кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғабдиев Мұхаддас Рысбайұлы қатысып, кітапхана ұжымына алғыстарын білдірді.

 

Айта кетейік, еске алу кеші аясында Рысбай Ғабдиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына ұсынылды.