АТЫРАУ. AtyrauPress – 18 қазан – Рухани келісім күніне орай Атырауда «Бір шаңырақ астында – дәстүр мен келісім» атты форум өтті. Шара Абай орталығында Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен, “Жәрдем-Атырау” қорының ұйымдастыруымен өтті.
Форумға аймақтың этномәдени және діни бірлестіктері, мемлекеттік органдар мен дін мамандары қатысты. Мақсат – конфессияаралық келісім мен діни төзімділікті нығайтып, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу.
Іс-шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, дін саласында атқарылған жұмыстарды қамтыған бейнеролик көрсетілді. Бұдан соң Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би бейнелері арқылы ел бірлігін насихаттаған көрініс қойылып, «Інжу-Маржан» би ансамблінің «Шашу» биі сахна сәнін келтірді.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысушыларды мерекемен құттықтап:
«Қазақстанда түрлі этнос пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Бұл – бәріміздің ортақ байлығымыз», – деді.
Жиын барысында дін саласында еңбек етіп жүрген мамандар мен теологтар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті мен облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллин рухани тұрақтылық пен татулықты нығайтуға үлес қосқан сала өкілдеріне мәслихаттың Алғыс хаттарын табыстады.
Форумның құрметті қонағы – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов рухани келісімнің қоғамдағы рөлі туралы ой бөлісіп, шара соңында оның «Отан» әні орындалды.
Сонымен қатар «Иманғали» мешітінің наиб имамы Мұрат Мұстафаев дін мен дәстүр сабақтастығы жөнінде баяндама жасап, «Былина» этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Короблев ел бірлігін сақтауда этностардың рөлін атап өтті.
Жастар да белсенділік танытып, Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері «Мағжан сенген – біз» қойылымын сахналады.