Атырауда «Өкінбе сен» авторлық спектакльдің премьерасы өтті

Атырау қаласында «Талшын» инклюзивті театры ұсынған «Өкінбе сен» атты авторлық спектакльдің премьерасы өтті. Шынайы өмірден алынған сәттерге негізделген қойылым көрерменнің жүрегіне жол тауып, зал лық толды. Спектакльдің өзегінде мүмкіндігі шектеулі жандардың, соның ішінде «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының мүшелерінің тағдырлары суреттеледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

– Спектакль жандүниемнің ең терең тұстарын қозғады. Қойылым бойы көз жасымды тыя алмадым. Әртістер кәсіби актер болмаса да, ерекше қажеттілігі бар жандардың жүрек қасіреті мен эмоциясын шынайы жеткізе алды, – деді көрермен Рабиға Исмағұлова.

Қойылымның негізгі кейіпкері – Барыс есімді жас жігіт. Ауыр омыртқа жарақаты салдарынан ол бірінші топтағы мүгедек атанып, арбаға таңылады. Сол сынағынан кейін анасының өмірден өтуі оның ішкі күйзелісін одан әрі тереңдете түсіп, өмірлік бағдарынан айырады. Қарындасының қолдауы мен медбикенің шынайы сезіміне қарамастан, Барыс жаңа өмірдің шындығын ұзақ уақыт бойы қабылдай алмайды. Басты рөлді сомдаған Жасұлан Қабдоловтың айтуынша, мұндай жолды мүмкіндігі шектеулі жандардың басым бөлігі бастан кешіреді.

– Осындай жағдайға тап болған мүгедектігі бар адамдардың шамамен 95 пайызы осы кезеңді бастан кешеді. Мен де бұл жолды өткердім. Аяқтан айырылғанда немесе қолсыз қалған кезде өмірді жалғастыру оңай емес. Осы спектакль арқылы біз қарапайым, бірақ өте маңызды ойды жеткізгіміз келді: қандай жағдай болмасын -- өмір жалғасады, – деді ол.

Сахнадағы декорация, актерлік ойын, жарық – көрерменге көрінетін сыртқы көрініс қана. Ал сахна артындағы еңбек көпшілікке беймәлім. Сырттай бәрі жеңіл әрі оңай көрінгенімен, шын мәнінде олай емес.

– Адам қаншалықты рухы мықты болса да, кейде жағдаймен келісу өте қиын. Әркім өз тағдырын бірден қабылдай алмайды. Мұндай сәттерде жақын жандардың қолдауы ерекше маңызды. Қолдау – аяушылық емес, ол адамның өзіне сенуіне, алға жылжуына көмектесу. Өйткені әрқайсымыздың тағдырымыз – өзінше өрілген ерекше өрнек,- деді спектакль авторы Светлана Калиева.

Айта кетейік, «Талшын» инклюзивті театры – «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының бастамасы.