Атырауда музыка колледжіне жоғары оқу орны мәртебесін беру ұсынылды

Атырауда өнер саласына бағытталған бірде-бір жоғары оқу орны жоқ. Осыған байланысты «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжіне жоғары оқу орны мәртебесін беру мәселесі көтерілді, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев Атырауда өткен мәдениет, ақпарат және дін саласы қызметкерлерімен кездесуде сөз етті.

«Атырау өңірінен талай өнер тарландары шыққаны белгілі. Сөйте тұра, мәдени бағытта жоғары оқу орны болмауын жөнсіз деп ойлаймыз. Осы ретте Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы – Атырау музыка колледжіне жоғары оқу орны мәртебесін беру қажет деп санаймыз. Бұл құзірет министрліктің қолында екені белгілі. Өзге шаруаларды жергілікті билік өз қолына алар еді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ұсынысқа қатысты вице-министр Айбек Сыдықов өзге өңірлердегі тәжірибені мысалға келтіріп, материалдық-техникалық база мен кадрлық құрам мәселесі толық шешілсе, министрлік бұл бағытты қолдауға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, Атырау облысында жыл сайын халықтық музыка мен дәстүрлі өнер бағытында 500-ге жуық жас білім алады, олардың басым бөлігі өңірде кәсіби жоғары білімнің болмауына байланысты басқа қалаларға барып оқуға мәжбүр.