“Ұлы Отан соғысы: ерлік пен қаһармандық жолы” халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жеңістің 80 жылдығына және Ратушаға алғаш ту тіккен Ұлы Отан соғысының батыры Кенжебай Мәденовтің 100 жылдығына арналған «Ұлы отан соғысы: ерлік пен қаһармандық жолы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Өңірлік коммуникация қызметінің мәліметінше, жиынға республиканың жетекші жоғары оқу орындарынан бастап Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей қалаларынан келген беделді профессорлар мен докторлар қатысты. Олар тақырып аясында ғылыми баяндамалар жасап, өз зерттеулерімен бөлісіп, ой-пікір алмасты.
- Биыл Ұлы Отан соғысының қаһарманы Кенжебай Мәденовтің туғанына 100 жыл толып отыр. Елін, халқын, Отанын шексіз сүйген батыр 18 жасында сұрапыл соғысқа өз еркімен аттанып, майдан даласында соңғы күнге дейін ерлікпен шайқасты. Ол – туған жерінің даңқын асқақтатқан асыл тұлға. Берлин операциясы кезінде Кенжебай Мәденовке айрықша сенім артылып, жауапты тапсырмалар жүктелді. Оның қайсарлығы мен батылдығы ел тарихында мәңгі сақталары сөзсіз, - дейді республикалық «ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» ҚБ Атырау облысы бойынша төрағасы Роман Мақсотов.
Ғылыми басқосу аясында музыкалық оркестрдің өнер көрсетуімен қатар арнайы көрме ұйымдастырылды. Жиын соңында «Ратушаға ту тіккен қазақ батыры» кітабының тұсаукесері өтіп, көпшілік назарына ұсынылды.
Сәуле МАҒАУ