Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония залында әлемдік классикалық музыка өнерінің көрнекті өкілі, ұлы композитор Пётр Чайковскийдің шығармашылығына арналған классикалық музыка кеші жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Концерт барысында композитордың вокалдық және фортепианолық шығармалары орындалып, Чайковский музыкасына тән лирикалық тереңдік, сезім байлығы мен камералық нәзік болмыс көрерменге кеңінен таныстырылды. Бағдарламаға енген романстар мен опералық туындылар махаббат, тағдыр, үміт пен адам жанындағы толғаныс тақырыптарын айқын бейнеледі.
Кешке филармонияның талантты әрі тәжірибелі орындаушылары қатысты. Атап айтқанда, вокалдық шығармаларды Мәди Айтасов, Алиса Құрмет және Артур Борисенко орындады. Концертмейстерлер Елена Войтова мен Ольга Войтова фортепианолық сүйемелдеумен кештің көркемдік мазмұнын толықтыра түсті. Сондай-ақ, «VIVO» фортепианолық дуэті өнер көрсетті.
Бағдарлама Чайковскийдің кеңінен танымал шығармаларымен түйінделіп, классикалық музыканың асқақ рухы мен көркемдік қуатын айшықтаған мазмұнды кеш ретінде көрермен жадында қалды.