Облыста 2025 жылы 4,5 мыңнан астам мәдени іс-шара ұйымдастырылып, 900 мыңға жуық көрермен қамтылды. Бұл туралы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов баспасөз брифингінде мәлімдеді, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жыл ішінде облыстың мәдени ұжымдары 20 гастрольдік сапарға шығып, бірқатар елде өнер көрсетті. Атап айтқанда, Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі Германия, Жапония, Түркіменстан және Ресей қалаларында концерт қойды.
Өңірде жұмыс істеп тұрған 14 музейде 130 мыңнан астам жәдігер сақталған. Оның 33 мыңнан астамы цифрлық форматқа көшіріліп, 463 экспонат 3D форматта әзірленген. Өткен жылы музейлерде 2300-ден аса экскурсия өткізілген.
Креативті индустрияны дамыту бағытында облыста 3 заманауи креативті орталық жұмыс істеп тұр. Бұл орталықтарда мыңдаған мәдени, шығармашылық және білім беру іс-шаралары ұйымдастырылған. Биыл 8 әлеуметтік маңызы бар креативті жоба іске асырылмақ.
Басқарма басшысы мәдениет саласындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
— Мәдениет пен тіл – қоғамның рухани тірегі. Мәдени инфрақұрылымды дамыту, тарихи мұраны сақтау және саланы цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз. 2026 жылы республикалық және халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі мәдени жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Ә.Жоламанов.
Сондай-ақ мемлекеттік тіл саясаты аясында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде өңірде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі 99 пайызды құраған. Өткен жылы 1 000 адам тегін тіл курстарынан өтіп, KazTest жүйесі бойынша 95 пайыз нәтиже көрсеткен.
Бұдан бөлек, облыс бойынша Ұлы Жеңістің 80 жылдығына байланысты 76 соғыс ардагеріне және атауы қайталанған, идеологиялық тұрғыдан ескірген 11 көшеге атау беру, қайта атау жұмыстары жүргізілді.