Мәдениет нысандарының инфрақұрылымын жаңарту және шығармашылық ұйымдардың жұмысын күшейту мақсатында бірқатар міндеттер белгіленді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі вице-министрі Айбек Сыдықов Атыраудағы мәдениет, ақпарат және дін саласы қызметкерлерімен кездесуінде айтты.
«Еліміздегі мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, ауылдық клубтар мен кітапханаларды жаңғырту – басты басымдықтарымыздың бірі. Жастарды мәдени ортаға тарту және ұлттық өнерді жаңа форматта дамыту үшін жүйелі жобалар қолға алынады» деді ол.
Мәдениет министрлігі өңірлердегі мәдениет мекемелерін жаңғырту, ұлттық өнерді қолдау, жастарды шығармашылыққа тарту бағытында жүйелі жобаларды іске асыруда. Сонымен қатар, музейлерді цифрландыру және электрондық қызмет көрсету жүйелері енгізілуде. Бұл бастамалар мәдениет ұйымдарының қызмет сапасын арттыруға, жастардың шығармашылық белсенділігін көтеруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Атырау облысында биыл 15 мәдениет мекемесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 14 нысанның құрылысы жалғасуда.