Атырауда 1200 орындық пен жаңа концерт залымен жаңа музей салынбақ

Атырау облысында мәдениет саласын дамыту аясында 1200 орындық үлкен концерт залы мен жаңа музей ғимаратының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданған. Құны - 68 млрд теңге. Бұл туралы AtyrauPress тілшісіне басқарманың баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ 600 орындық конгресс-холл мен дарынды жастарға арналған мәдени-шығармашылық орталықтың құрылысы да жоспарға енгізілген. «Қазіргі таңда конгресс-холл бойынша жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде, ал дарынды жастарға арналған орталықта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр» деп мәлім етті басқарма.

Бұған қоса, биыл облыстың мәдени инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейді. Басқарманың хабарлауынша, Атыраудағы мәдениет мекемелерінің жиынтық саны - 242. Соның ішінде 138 кітапхана, 84 мәдениет үйі, 14 музей, 2 театр және 2 концерттік ұйым бар. Жалпы салада 3051 қызметкер еңбек етеді. «Оның 1565-і - шығармашылық бағыттағы мамандар», - деп көрсетілген ресми ақпаратта.

Одан өзге, биыл кітапхана қоры да молайды. Қордағы 2,57 миллионнан астам басылымның 62 мыңнан астамы цифрландырылған. Жыл басынан бері 17 мыңнан астам жаңа кітап түскен. Ал 14 музейде 131 мыңнан астам жәдігер сақтаулы, олардың 26 мыңға жуығы цифрлық форматқа көшірілген. Музейлерде 3 мыңнан аса экскурсия өткізіліп, 49 мыңнан астам адам келген.

Тағы бір айта кетер жайт - шығармашылық үйірмелерге қолжетімділік артып отыр. 2021 жылдан бері 4-17 жас аралығындағы балаларды тегін үйірмелермен қамту механизмі іске асып келеді. Биыл 10 122 бала қосымша біліммен қамтылды. 60 өнім беруші шығармашылықтың 31 бағыты бойынша 344 үйірме жүргізді. Жергілікті бюджеттен бұл мақсатқа 3,6 млрд теңге бөлінді.

Одан бөлек, мәдениет саласының жалпы қаржыландыру көлемі 2025 жылы 9,4 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде мәдени шараларға - 832 млн теңге, шығармашылық тапсырысқа - 3,6 млрд, мәдениет мекемелерін ұстауға - 5,7 млрд, материалдық-техникалық базаны жаңартуға - 207 млн теңге жұмсалды.

Биыл ауылдық елді мекендердегі мәдени нысандарды көбейту бағытында да үлкен жұмыс жүргізілуде. Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында жаңа 200 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталды. Қазір облыста 14 жаңа мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр. Атырау қаласынан бастап Қызылқоға, Құрманғазы, Жылыой, Исатай, Мақат аудандарындағы бірқатар ауылда 100 бен 400 орындық мәдениет үйлері салынуда.

Басқарманың мәліметінше, тарихи-мәдени мұра бағытында да белсенді жұмыс бар. Өңірде 317 ескерткіш есепке алынған. Соңғы үш жылда 648 нысанға сараптама жүргізіліп, 180 ескерткіштің қорғау аймағы бекітілді. Биыл Қарабау-2 қорғаны, Сарайшық және Ақтөбе–Лаэти қалашықтарында археологиялық қазбаларға 43,3 млн теңге бөлінген.

Мәдени іс-шаралар бойынша да жыл қарқынды өтті. 10 айда 4552 шара ұйымдастырылып, 886 мыңнан астам көрермен қамтылды. Жылдық жоспарға сай 3 халықаралық, 5 республикалық іс-шара өткізілді. Өнер ұжымдары 20 гастрольдік сапарға шығып, Берлин, Вена, Астрахан, Осака, Ашхабад қалаларында концерттер қойды.

Сонымен қатар тіл саясаты міндеттерінің орындалуы да жоғары деңгейде. 2025 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сәйкес, Атырау облысында мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі - 99%. «Үш тілді қатар меңгергендер 69,9 пайызды құрайды», - деп көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жыл бойғы осы жұмыстар облыс әкімдігі жанындағы комиссия отырыстарында қаралып, 78 мәселе бойынша шешім қабылданған.