Аида Балаева Әуезов театрының 100 жылдығымен құттықтады

 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын 100 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы министр өзінің құттықтау мәтінінде жариялады. Онда Әуезов театры қазақ руханиятының қара шаңырағы екені және ғасыр бойы ұлттың тағдырлы кезеңдерін сахна тілімен жеткізіп келе жатқаны айтылған.

Министрдің атап өтуінше, театр 1926 жылы «Еңлік-Кебек» спектаклімен шымылдығын ашып, содан бері «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» сынды қазақ драматургиясының алтын қорына енген қойылымдарды көрерменге ұсынды. Өнер ордасы 1937 жылы академиялық мәртебе алып, кейін Мұхтар Әуезовтің есімі берілген.

Аида Балаева бүгінде театрдың «Ұлттық» мәртебеге ие болып, әлемдік мәдени кеңістікке батыл қадам жасап келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, театр дәстүр мен жаңашылдықты ұштастырып, қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.

Айта кетейік, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры – еліміздегі тұңғыш кәсіби театр. 100 жылдық мерейтой аясында жыл бойы бірқатар мәдени іс-шаралар мен арнайы қойылымдар жоспарланған.