Қазақстанда арнайы жасақ туралы фильм көрсетілмек
Қазақстандық арнайы жасақ туралы фильм 2 қарашадан бастап үлкен экранға шығады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Әлеуметтік желіде Қазақстанда ең көп шу жасаған фильмнің треллері пайда болды. Көркемсуретті туынды өткен жылы түсіріліп, оны жасау үшін Голливудтан арнайы режиссер монтажшы тартылған және қазақстандық танымал дрим-каст актерлері қатысқан. Фильм Ішкі істер, Қорғаныс министрліктері мен Ұлттық ұланның қолдауымен түсірілген. Оның түсірілуіне Ұлттық ұланның шынайы арнайы жасағы, әскери техникасы мен авияциясы, барлығы екі жүзден астам қызметтегі жауынгерлер қатысқан.
Туынды авторларының басты мақсаты – кинокартинаның кейіпкерлері арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті, достық пен патриотизмді, намыс пен абыройды, Әскери антқа және қызметтік міндетке деген адалдықты жеткізу. Бұдан да басқа, Ұлттық ұлан арнайы жасағының қызметі арқылы Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің негізгі міндеттерін көрерменге жеткізу.
Бұл фильм арнайы жасақта қызмет ететін үш жауынгердің достығын көрсетеді. Олардың атқаратын күнделікті тапсырмалары қауіпті қылмыстық топтарға қарсы тұру болып табылады. Сондай бір қылмысқа қарсы текетіресте жауынгерлерге өз достығын сынауға тура келеді...
Фильмнің премьерасы ағымдағы жылдың 2 қарашасында басталады.