Атыраулық полицейлер елуге жуық жасөспірімді анықтады

"Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында атыраулық полицейлер ата-анасының қарауынсыз жүрген 50-ге жуық жасөспірімді анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласының аумағында 7-9 маусым күндері аралығында «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның мақсаты кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың, жасөспірімдермен жасалатын және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу, жазғы демалыс уақыттындағы кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Іс-шара басталысымен бір тәуліктің ішінде ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен түнгі сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын-жайдан тыс жерде жүрген 50-ге жуық жасөспірім анықталды. Олардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабының 2 бөлігімен (кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің ерітіп жүруінсіз тұрғын -жайдан тыс жерде болуы) әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Оның ішінде, белгіленбеген жерлерде суға түскен 4 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 364 бабының 1 бөлігімен (тыйым салынған жерлерде шомылу) әкімшілік хаттама толтырылып, ескерту берілді.