Атырауда туған ағасын өлтірген науқас медбикені де жаралаған... (+ФОТО)

Махамбет ауданындағы ресми «№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» деп аталатын психоневрологиялық интернатта 310 науқас болса, соның бесеуі – жаны күйзеліске түскен қандықол қылмыскерлер, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Егер қылмыс жасаған кезде олар психологиялық күйзелісте болмаған жағдайда жазаның ең ауырын арқалар еді. Енді олар қалған өмірін осы жерде өткізеді.
Көп адам бұл жерді қорқынышты орын деп сипаттайтын шығар. Әсте олай емес. Орталықтың іші-сырты мұнтаздай таза. Жеміс ағаштары жайқалып тұр. Тіпті, мұндағы науқастар қоян жүгіртіп, тауық өсіріп жүр дегенге біреу сенсе, біреу сенбес. Аурухана емес, құдды санаторий секілді.
Мұнда ертесіне сағат алтыда тұрып науқастар таңғы астарын ішеді. Содан соң тренажерлік залға барып жаттығады. Артынша дәрігерге қаралып тексеріледі, дәрі қабылдайды. Аптасына екі рет шаш қияды. Моншаға барып, шомылады. Ал, телефонмен сөйлесу және жақын адамдармен кездесу – тек қатаң кесте бойынша.
Бір қызығы, бұл жер Ұлы Отан соғысы аяқталар тұста мүгедектер мен қарттар үйі болған екен. Жылдар өте келе балалар үйіне ауыстырылған. Кейін жабылып тынған. Содан соң ғана бүгінгідей интернат болып қайта ашылған.
Қазір мұндағылардың ең кішісі 23 жаста болса, үлкені 85 жаста. Көбісіне, нақтырақ айтқанда, 129 адамға шизофрения диагнозы қойылған. Бәрі де 1, 2-топ мүгедектері. Олар сауығып, үйлеріне оралғысы келеді. Ал, науқатсардың мұнда болу мерзімі қылмыстың емес, психологиялық жай-күйінің ауырлығымен өлшенеді. Егер қоғамға қауіп тудырмаса, жақындары үйге алып кете алады. Бірақ, көбісі өмірінің қалған бөлігін осы жерде өткізіп жатады.
Айтпақшы, ғимаратта қауіпсіздік үшін жүз шақты бейнебақылау камерасы орнатылған. Жалпы, ақхалаттылардың айтуынша, мұндай науқастардан сақтану үшін олардың не ойлайтынын алдын ала болжай білу керек екен.
Мұндағылардың тағдыры әрқилы. Мәселен, 58 жастағы науқас 26 жасында өзінің туған ағасын өтіргені үшін сотталған. Ол 1991 жылы Ақтау қаласындағы ауруханада медбикені жарақаттаған. Содан республикалық ауруханаға орналастырылған. Ал, 1995 жылы Атырауға көшірілген. Сол секілді басқалары да түрлі себептермен осы жерден табылып отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ